Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев келесі аптада Сингапурдың зейнетақы реформасы моделі талқыланатынын хабарлады. Оның айтуынша, бұл модель де жинақтау қағидатына негізделген, бірақ қаражатты тұрғын үй сатып алуға пайдалануға мүмкіндік береді.
Қазір министрлік сарапшылардың қорытындысын күтуде. Одан кейін ұсыныстар жұмыс тобына беріледі. Барлық нұсқалардың ішінен орташа нұсқаны таңдап, зейнетақы жүйесіне енгізілетін өзгерістердің қорытынды пакетін қалыптастыру жоспарлануда.
Бұған дейін «4+1» моделі мен сақтандыру зейнетақы жүйесі қарастырылған. «4+1» моделінде жұмыс беруші қызметкердің жеке шотына қосымша міндетті жарналардың 4%-ын, ал 1%-ын жалпы сақтандыру қорына аударады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алынған балама нұсқа барлық қосымша жарналардың жалпы қорға түсуін, содан кейін төлем алуға құқығы бар азаматтар арасында бөлуді көздейді.