Семинарға қатысушылар ЖИ-ді мемлекеттік басқаруға енгізудің мүмкіндіктері мен тәуекелдерін қарастырды. Институционалдық дайындыққа, құзыреттерді дамытуға, тәуекелдерді басқаруға және қоғамның сенімін нығайтуға ерекше назар аударылды.
Мемлекеттік қызметтің Астана хабы басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов құттықтау сөзінде адам мен ЖИ-дің қатар өмір сүру дәуірі мемлекеттік басқаруды жетілдіру үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Сонымен қатар, оның айтуынша, технологияның қарқынды дамуы деректерді қорғау, адам құқықтарын сақтау және этикалық нормалар мәселелеріне назар аударуды талап етеді.
Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігінің ЖИ-үкімет офисінің директоры Джинхон Сим корейлік «ЖИ-демократиялық үкімет» тұжырымдамасын ұсынды. Ол жасанды интеллектті тек технология ретінде емес, сонымен қатар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және олардың басқару процестеріне қатысуын кеңейту құралы ретінде пайдалануды көздейді.
БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық электр байланысы одағының және Румынияның информатика саласындағы ұлттық зерттеулер мен әзірлемелер институтының өкілдері де өз тәжірибелерімен бөлісті. 12 елдің өкілдері ұлттық тәжірибелер, қол жеткізілген нәтижелер және дамудың басым бағыттары туралы айтты.
Алихан Байменов Бангладеш, Камбоджа, Филиппин және Лаос министрлерімен, сондай-ақ БҰҰ және Еуропа Кеңесі өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар цифрлық мемлекеттік басқару саласындағы одан әрі ынтымақтастықты талқылады.
Семинарды Мемлекеттік қызметтің Астана хабы, Қазақстандағы БҰҰДБ, Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі және Корея Республикасы Ақпараттық қоғам ұлттық агенттігі Грузия Әділет министрлігімен серіктестікте ұйымдастырды.